• Экономика
  • 17 Ноября, 2014

Академик Аманжол Қошановтың 80 жылдығына арналған Халықаралық конференциядағы және мерекелік жиындағы соңғы сөз

На конференции выступил и сам юбиляр Аманжол Кошанов на казахском языке. Мы посчитали нужным дать его речь в оригинале, так как многие наши читатели хорошо знают казахский язык, а те, кто знает его плохо, получат возможность усовершенствоваться в нем.

Құрметті зиялы қауым, әріптестер, туыс-бауырлар!

Айтулы юбилей, мерейтойдың ерекшелігі – қуанышы мен әттегенайы қатар жүреді.
Аман-есен осы межеге жету, көңілге разылық сезім ұялатса, не тындырдым деген күдікте мазалайды: қоғам, ғылым алдындағы парыз бен қарызды өтей алдым ба? Өмірде таңдаған жолым шалыс, зая болған жоқ па, дегендейін.
Біз соғыстан кейінгі романтикаға толы, білімге құштар буын едік. Мәскеуге – алыс жолға ұмтылдық. Әкем шығарып салып тұрып: «Балам осы Қызылжардың оқуы жетпейтін бе еді, қайда бара жатырсың, сені кімге тапсырамын?» – деп көзіне жас алып, қиналған сәті көз алдымда. Мәскеу университетінде білім алу ол кезде батыс университеттерімен пара-пар, үкімет қамқорлығы пәрменді болатын. Соғыстан кейінгі халықтың ынта-пейілінің тазалығы, бірлігі оқыған ортамызға тікелей әсер ететін.
Менің азаматтық болмысым, ғалым болып қалыптасуым Қазақ Ұлттық ғылым академиясында өтті. Ұлы Қанекеңді (Сәтпаевті), кешегі өткен Ш. Шөкинді, Ә. Марғұланды, М. Әуезовтерді көріп өстік, тағлым, ғибрат алдық. Ғылым ол кезде шын мәнінде рухани жаңғыру, өндіргіш күш еді. Беделі өте жоғары болатын. Мансапқорлар жамылатын әлеміш жылтырақ шапанға айналмаған кезі.
Мені ғылымға, Академияда тұрақтандырған академик Сақтаған Бәйішев еді.  Басқа вузға, идеология жұмысына ауысамын дегенде, барлық бедел-болмысымен қарсы болды. «Я тебе запрещаю», – деп. Менің ғылымдағы келешегім әлімсақта осылай бастау алып еді.
Ғылым әлемінде тағдырға дән разылығым – қазақ халқының маңдай алды зиялы қауымымен тізе қосып, бірге қызметтес болғаным. Көбінен ғибрат, тәлім алдым. Өз басым басшы қызметтерде жүріп бұра тартпай, ешкімді алалап, кешшелік танытпай, әділдік аясында шешім іздеп баққаным. Тағдырға бас иіп, зиялы қауымға, академия мүшелеріне рақмет айту – менің бүгінгі таңдағы парызым деп есептеймін.
Мен өмірімді бағыштаған экономика ғылымы – ұлы ғылым. Адамзат тарихында негізгі әлеуметтік-экономикалық құрылымдардың пайда болып, өркендеп, пассионарлық дәуірлеуі мен күйреуіне тікелей әсер етіп, осы үрдістерді ғылыми тұрғыдан негіздеп, алға жетелейтін экономика ғылымы. Сонау көне Юнан – Грекия дәуірі, утопист-социалистер, ағылшын классиктері, марксистік ілімнің жеңістері мен тарихи аренада жеңіліске ұшырау драмасы мен трагедиясы, Кейнс ілімі, қазіргі либерал-реформаторлар адамзат қоғамын қалайда лайықты, позитивті жолмен қайта құрып, қоғам мүшелерінің өркендеу жолын іздеп, кертартпа жүйені тарихи аренадан кетіруге бар күшін салып, ықпал жасау экономика ғылымының үлесінде.
Бүгінгі таңда бүкіл адамзат өркениеті бастан кешіріп отырған дүниежүзілік дағдарыстан шығу, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз бірден-бір жаңа индустриалды-инновациялық кезеңге көшуімізбен байланысты. Президентіміз жар салғандай инновациялық, «ақылды экономикаға» өту – елімізді шикізат қоймасы деген лақап аттан, мешеуліктен арылту жолы. Міне, осы бағытта Қазақстанның экономикалық ғылымы алдағы уақытта қызмет етпек. Мен, бүгін ғылымдағы аға, ақсақал буынның өкілі ретінде экономист-ғалымдарды осы ұлы кезеңнің талабынан көрінуге шақырар едім.
Бүгінгі мәртебелі жиында көп жақсы тілектер айтылды. Бұл нақты болмыстан гөрі, осылай болғай деген ықыластарыңыз ғой. Жаратушы қуат берсе ұқсап бағармыз. Арнайы алғысымызды өзім, семьям атынан Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Президент әкімшілігіне білдіруді лайық деп білемін. Соңғы 25 жылда Президентіміз негізін қалаған тарихи бағытта зиялы қауыммен бірігіп қажыр-қабілетімізді бағыштап, Республика мүддесіне қызмет еткенімді Жаратушының сыйы деп қабылдаймын.
Тағы да сондай тілек білдіріп, рухани қолдау жасап отырған Парламент, Үкімет басшылығы, Білім және Ғылым министрлігі, осы жиынға арнайы келіп, мәртебелі ортаның құттықтауын жеткізген министріміз Сарынжинов Аслан Бәкенұлына, жалпы министрлік басшыларына, осымен қатар басқа жетекші ғылым, білім өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне, жалпы ғылыми, ұстаздық қауымға бүгінгі халықаралық конференцияның ауыр жүгін көтеріскен жетекші ғылым қайраткерлеріне шексіз, шын жүректен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер.
Мен өзімді академиялық ғылымның түлегімін деп ұғынамын. Сондықтан ерекше алғысымды Қазақ Ұлттық ғылым академиясының төралқасына, Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласының басшылығына, менің 50 жылдан аса қызметтес болған  орда мекенім Экономика институтына, Қазақстан ғалымдар одағына риясыз көңілімді білдіремін. Осы ұжымдардың басшылары алдарыңызда, бүгінгі алқалы жиынды ұйымдастырып, басқаруда.
Адам тағдыры оның қалыптасқан болмысында, мінез-құлқында, яғни дәуір талабына іспен жауап беріп, оның қажеттілігін түсінуінде, дейді халық даналығы. Тек осы жағдайда ғана адам заман талабына сай келіп, азаматтық парызын өтеуге мүмкіншілік туса керек, сірәдә.
Бүгінгі мерекелік жиынымызға тілек білдіріп алыс-жақын шет елдерден құттықтаулар келіп түсуде. Қырғыз, Тәжік Республикасының ғылым сардарлары академиктер Койшиев Турар, Каюмов Нуритдин Каюмевичке ерекше алғысымды, дән разылығымды білдіремін. Біз әрдәйім Республика мүддесіне қызмет етуді парызымыз деп түсіндік. 
Тілегім, қалған өмірімде тағдырым осы бағыттан ауытқымаса екен деймін.
Баршаңызға рақмет!

1028 раз

показано

0

комментарий

Подпишитесь на наш Telegram канал

узнавайте все интересующие вас новости первыми